Павлодарда күл-қоқыс полигоны жұмысын тоқтатуы мүмкін

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны енді екі жылдан кейін өз жұмысын тоқтатуы мүмкін. Бұған рұқсат қағаздарының шекті мерзімі әсер етіп отыр. 

Павлодарда күл-қоқыс полигоны жұмысын тоқтатуы мүмкін
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

«Экосервис-ПВ» ЖШС басшысы Әлихан Албақов Павлодардағы күл-қоқыс полигонының 2027 жылға дейін ғана рұқсаты бар екенін хабарлады. Егер рұқсат қағаздарын қайта қарап, мәселені шешпесе, күл-қоқысты реттеу саласында үлкен мәселе туындауы мүмкін.

Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың айтуынша, қазір полигонды ұзарту мәселесімен Павлодар қаласының билігі айналысып жатыр. Бірақ ол үшін ең әуелі рекультивация жобасын қайта қарау қажет. Полигонда әлі де 5-10 жыл қалдықтарды жинайтын орын бар.

Атап өтерлігі, облыста жыл сайын 300 мың тоннадай тұрмыстық қалдықтар шығады. Оның 100 мың тоннасы қайта өңделеді. Мысал үшін пластиктен сыпырғыш, пакеттер, қаптар мен пластик түйіршіктері шығарылады. Құрылыс қалдықтары, көлік шиналары, макулатура мен аккумуляторлар да өңделеді.

Еске сала кетейік, елімізде заңсыз полигондарды жоя алмаған 10-нан астам әкімнің орынбасары жазаланды.