Павлодарда құрылған археологиялық экспедиция көне заман ескерткіштерін зерттейді

ғылым
Фото: Марғұлан университеті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Марғұлан университетінде «Ұлы дала» көне жәдігерлерін зерттеу бойынша XIX археологиялық экспедиция құрылды. Археологиялық қазба жұмыстары барысында университет ғалымдары мен студенттері Ертіс өзені алқабы мен Баянауылдағы ежелгі қорғандарды, Солтүстік және Шығыс Қазақстандағы қалашықтар мен кесенелерді зерттеуге қатысады.

Университет жанындағы археологиялық ғылыми зерттеу институтының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, археологиялық экспедиция өз жұмысын Байдалы ауылы аумағында қимақ-қыпшақ кезеңіне жататын көне жәдігерлерді зерттеуден бастайды. 

«Студенттерді мұндай экспедицияларға ғалымдармен бірге жұмылдыру біз үшін маңызды. Біздің университет Әлкей Хақанұлының есімін алғаннан кейін жауапкершілігіміз арта түсті. Сондықтан, студенттер ғылым жолына, соның ішінде археология саласына көбірек бет бұруы керек. Әлкей Марғұлан 1946 жылы далалық экспедицияларды бастаған кезде басынан түрлі жағдайлар өтті. Бірақ, ғалымқиындыққа мойымай өз міндетін адал атқарғаны мәлім. Қаншама тарихи жәдігерлер осындай табанды экспедициялардың нәтижесінде табылды», дейді гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Анара Кәрімова.

Айтып өтейік, биыл Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толды.

Ғалым студенттік шақта күнделігіне не жазғанын мына сілтемеден оқыңыз. 

Соңғы жаңалықтар