Павлодарда құтқарушылар өртенген үйден ес-түссіз жатқан ер адамды алып шықты
«14 сәуір күні сағат 00.02-де Павлодар қаласындағы Қайырбаев көшесіндегі 36-үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Екі бөлмелі пәтердің үлкен бөлмесінде мүлік-жиһаз өртенген. Жалын 16 шаршы метр аумақты шарпыды», - деп хабарлады тілшілерге Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Өрт сөндірушілер бесінші қабаттың сатысынан иіс тиіп уланған, қолын, басын, мойынын екінші-үшінші дәрежелі күйік шалған 1967 жылғы ер адамды тапты. Ер адам ес-түссіз бірінші қалалық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады ТЖД-дан.
«Өрт сөндірушілер келгенше 10 адам өздігінен сыртқа шыққан. Өрт сағат 00:38-де сөндірілді. Қазір өрттің неден шыққаны, келтірілген шығын анықталып жатыр», - деп нақтылады департаменттің баспасөз қызметінен.
Оқиға орнына жеке құрамның 30 адамы мен 10 техникасы, Апаттар медицинасы өрт сөндіру қызметкерлері, 102 және 103, қалалық электр желісі қызметтері барды.