Павлодарда күзет фирмасының көлігі «Мерседеспен» соқтығысты
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардағы Торайғыров пен Короленко көшелерінің қиылысында болған жол -көлік оқиғасы салдарынан 26 жастағы ер адам зардап шекті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Оқыс оқиғаның суреттері Instagram-дағы @tipavlo парақшасында жарияланды. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, апат таңғы сағат 5:46-да болған. - Қаладағы күзет агенттіктерінің біріне қарасты «Лада-Гранта» маркалы автокөлігі «Мерседес» автомобилімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан «Лада-Гранта» көлігінің жолаушысы емханаға жеткізілді. Сараптама тағайындалды. Тексеру жұмыстары жүргізілуде, - деді ІІД баспасөз қызметінде.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, зардап шегушінің жағдайы тұрақты. - Емханаға 1992 жылғы ер адам «жабық бас сүйек-ми зақымы», «соғылған бет жарасы» бойынша емханаға келіп түсті, - деді басқарманың баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева.