Павлодарда «Квазар» сауда үйінен өрт шығып, 150 адам эвакуацияланды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өрттен зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылардың көмегімен сауда үйінен 150-дей адам сыртқа шығарылды.
Павлодардағы ірі сауда үйлерінің бірі – «Квазар» орталық базарында электр сымдарының тұйықталуынан өрт шыққан. Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«11 қыркүйек күні сағат 13:18-де «Квазар» сауда үйінде өрттің пайда болғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел түрде өртке қарсы бөлімшелер жіберілді. Сауда үйінде орналасқан бутиктердің бірінде электр сымдарының оқшаулағышы өртенгені анықталды. Тілсіз жау жылдам сөндірілді. Жалын шамамен 0,2 шаршы метрді шарпыған. Өртке қарсы бригадалар келіп жеткенше сауда үйіндегі 150-дей адам сыртқа шығарылды. Зардап шеккендер жоқ», - деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар департаментінен.
Оқиға орнына өртке қарсы қызметтің 33 қызметкері мен 9 техника жұмылдырылған.
Еске сала кетейік, найзағай салдарынан Ертіс орманынан 6 рет өрт шыққан.