Павлодарда қыркүйектің соңына дейін тұрғын үйлердің басым бөлігіне жылу беріледі
Бұл туралы онлайн өткен баспасөз жиынында «Павлодар жылу желілері» ЖШС бас инженерінің орынбасары Павел Плетухов мәлім етті.
- Павлодар қаласында қыркүйек айының 16-сынан бастап әлеуметтік нысандарға жылу берілді. Қазір 67 балабақша, 38 мектеп, 63 білім беру ұйымы, жалпы 206 бюджеттік ұйым жылуға қосылды. 5 балабақша әлі қосылған жоқ, - деді Павел Плетухов.
Спикердің айтуынша, жоспар бойынша қалада тұрғын үйлерді 23 қыркүйектен бастап жылуға қосу көзделген. Алайда, кейбір үйлерді ерте қосқан.
- Кейін бөгет болмас үшін кейбір үйлерді ертерек қостық. Бүгінде 327 көп қабатты үйге жылу берілді. Қыркүйектің соңында үйлердің 99 пайызы жылуға қосылады. Жылу желісінде ақау бар үйлер кейін қосылады. Сондай-ақ жеке тұрғын үйлердің көбінде дайындық актісі жоқ. Сондықтан олардың ең соңында қосамыз, - деді Павел Плетухов.
Сондай-ақ Павел Плетухов жылу қашан қосылатыны белгісіз үйлер де бар екенін атап өтті.
Алюминий зауыты кенті, «Достық» шағын ауданындағы үйлер қашан қосылатыны әлі белгісіз. Бұл жағынан қауіп бар. Бұл жерлердің желілері жаңа. Бізге әлі өткізілген жоқ. Ол қандай желі, қанша уақытта қосылатынын айта алмаймыз, - деді Павел Плетухов.
Айта кетейік, тұрғындар өз үйлеріне қашан жылу берілетіні туралы «Павлодарэнерго» ЖШС сайтынан қарай алады. Қосылу уақыттары көрсетілмеген үйлер көрші үйлердің уақытына қарауы керек.