Павлодарда мал өсірушілерге жемдік астық қарызға беріліп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Мал өсірушілерге көмек көрсетудің өңірлік бағдарламасы әзірленді. Шаруалар азықтың құнын  ешбір өсімпұлсыз, күзде өтейді.

Павлодарда мал өсірушілерге жемдік астық қарызға беріліп жатыр
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бұған дейін Павлодарда жайылымдар мұз құрсанып, жылқы тебінге шыға алмай жатқаны туралы хабарлаған едік. Жайылымдардың жекелеген учаскелерін мұз басып қалуы өзге үй жануарлары үшін де қиындық туғызып отыр.

«Осыған байланысты, Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасымен «Павлодар «ӘКК» АҚ арқылы жемдік астықты тауарлық несие ретінде беру бойынша мал өсірушілерге көмек көрсетудің өңірлік бағдарламасы әзірленді. Оны 2024 жылдың 1 қарашасына дейінгі мерзімде ақшалай қаражатпен немесе сол сапада алынған астықтың бірдей көлемімен өтеуге болады. Тауарлық несие кепілсіз және сыйақы (пайыз) есептелмей берілетін болады», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Тұрғындар жемдік астық алу үшін ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасынан үзінді көшірмені ұсынса жетіп жатыр. Ал шаруа және фермерлік қожалықтарының басшылары несиені қайтару туралы нотариалды куәландырылған кепілдік жазып қалдыруы керек.

Несие алу үшін аудан әкімдіктеріне жүгіну қажет.

Соңғы жаңалықтар