Павлодарда мал тасымалын бақылау үшін 10 мобильді бекет қойылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірде «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтік тексерулер жүргізіліп жатыр. Мақсаты – мал ұрлығының жолын кесу, ет өнімдерінің заңсыз саудасын анықтау және ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуын бақылау.

Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға 48,7 млрд теңге бағытталды
Фото: ҚР ҰЭМ

Полиция қызметкерлері ветеринариялық инспекторлармен бірлесіп, сауда орындарын, базарларды және мал мен ет өнімдерін тасымалдау бағыттарын тексеріп жатыр.

Рейд барысында облыстан шығатын тасжолдар мен қалаға кіреберіс жолдарда 10 мобильді бекет ұйымдастырылған. Онда полицейлер автокөліктерді тоқтатып, тасымалданатын жүктің ветеринариялық құжаттарын, жануарлардың құлақ биркаларын және еттегі ветеринариялық таңбаларды тексереді.

- Қазірдің өзінде ветеринария саласында екі заң бұзушылық анықталып, материалдар құзыреті бойынша тиісті органға жолданды. Полиция инспекторлары шаруа қожалықтарының иелерімен, бақташылармен және жеке қосалқы шаруашылық иелерімен профилактикалық әңгімелер өткізуд, - дейді Павлодар қаласы полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы Асхат Мұқышев.

Еске сала кетейік, елімізде мал ұрлығы бойынша 460-қа жуық күдікті ұсталып, 3 мыңнан астам мал иелеріне қайтарылған.