Павлодарда Мемлекеттік рәміздер күніне орай 25 жасөспірімге жеке куәлік табысталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда Мемлекеттік рәміздер алаңында өткен «Менің Қазақстаным» атты салтанатты шара барысында 25 жасөспірімге салтанатты түрде жеке куәлік табысталды.
Айтулы шарамен жиналғандарды облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев құттықтады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
«Бүгін еліміз Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығын тойлап жатыр», - деді Мейрам Бегентаев. - Мемлекеттік рәміздер кез келген тәуелсіз елдің ерекше белгісі болып табылады. Әлемдегі ең әдемі Ту біздің елге тиесілі екені мақтаныш сезімін тудырады. Ең бастысы, бұл белгілерге құрметпен қарау және сақтай білу барлығынан да маңызды».
Сондай-ақ бүгін автомотошеруге қатысқан азаматтарға құрмет көрсетілді.
«Ритм» жастар шығармашылық бөлімінің жетекшісі Екатерина Васильеваның айтуынша, Гагарин саябағынан бастаған автошеру Кутузов, Торайғыров, Сәтбаев және Лермонтов көшелерінен жүріп өтіп, Ауғаншылар саябағына келген. - Барлығы 20 темір тұлпар мен 10 мотоцикл қатысты. Mercedes, zx, BMW, VW, Camry, Drive2, Honda, Nissan maxima клубтарының байкерлері мен павлодарлық спортшылар өздерінің көліктерімен келді, - дейді Екатерина Васильева.
Айта кетерлігі, Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдық мерейтойына орай алғашқы болып павлодарлық полицейлер мемлекеттік рәміздер алаңында патрульдік автомобильдердің түнгі шеруін ұйымдастырды.