Павлодарда мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан зиялы қауым өкілдері марапатталды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ардагерлер үйінде облыстың зиялы қауым өкілдері және тіл жанашырларымен мерекелік кездесу өтті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мәлім етті.
- 1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Елімізде жыл сайын бұл күн қарттарымыздың ғұмыр бойы істеген еңбектеріне әрі мемлекетіміздің қалыптасуына қосқан зор үлестеріне сай сый-құрмет көрсетіледі. Осы орайда мереке қарсаңында басқармамыз облыстың зиялы қауым өкілдері және тіл жанашырларымен мерекелік кездесу ұйымдастырды, - деді басқармада.
Аталған шараға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы мен мүшелері, облыстық ардагерлер кеңесінің, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша филиалының және «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің, сондай-ақ жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауындағы қазақ тілінің ұлтаралық қатыныс тілі ретінде қалыптасу бағытындағы міндеттерді анықтау, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау және жаңғырту бойынша мәселелер талқыланды, - деді басқармада.

Кездесу соңында мемлекеттік тілдің дамуына зор жауапкершілікпен қарап, жас ұрпақты халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен сусындатып, достық пен бірлікті нығайтуға, Қазақстанның болашағы жолында атқарып жатқан елеулі еңбегі үшін жергілікті зиялы қауым өкілдері басқарма тарапынан алғыс хаттармен марапатталды.