Павлодарда нан қымбаттады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда бірінші сұрыпты қалыпты нанның бағасы 15-20 пайызға, яғни 70 теңгеден 75 теңгеге дейін көтерілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодарда нан қымбаттады

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ақпаратына сүйенсек, нан бағасының көтерілуі аптаның басынан бастап байқалуда. - Күнделікті мониторинг нәтижесінде нан бағасының көтерілгені анықталды. Қалалық наубайханалардың басым көпшілігі нанның бағасын өсірген. Жалпы қаламызда 20 наубайхана жұмыс істейді. Біз бірден облыстық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік басқармаларын бұл жағдай туралы хабардар еттік,- дейді бөлім басшысының орынбасары Арман Асыпов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылық өнімін дайындау және өңдеу бөлімінің басшысы Татьяна Нагуланың айтуынша, бағаның өсуіне кейбір ұн тартушы кәсіпорындардың астықты жоғары бағамен сатып алуы әсер еткен.

«Группа Интер» ЖШС ұн тартушы кәсіпорны астықты бұрынғыдай тоннасын 47 мың теңгеге емес, 52 мың теңгеге сатып алған. Сондықтан қаламыздағы кейбір наубайханалар нан бағасын 75 теңгеге дейін өсірген»,- дейді Татьяна Нагула.

 Айта кетерлігі, бұл баға тек бірінші сұрыпты нанға қатысты. Ал, жоғары сұрыпты нанның бағасына ешбір әсері тимейді. Ауыл шаруашылығы басқармасында атап өткендей, облыста астық жеткілікті мөлшерде. Бүгінде элеваторларда 38,2 тонна астық жиналған. Оның 4,2 тоннасы 2018 жылғы өнім. Бүгінгі таңда астықтың элеваторларға жеткізілуі жалғасуда.