Павлодарда NIS ұстаздары - 32 градус аязға қарамастан шәкірттеріне тосын сый ұйымдастырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары Дүниежүзілік балалар күніне орай шәкірттеріне тосын сый ұйымдастырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодарда NIS ұстаздары - 32 градус аязға қарамастан шәкірттеріне тосын сый ұйымдастырды

Білім беру мекемесінің баспасөз хатшысы Рымгүл Божақанованың айтуынша, ұстаздар қауымы бүгін таңертең мейрамға сәйкес безендірілген мектеп дәлізінде оқушыларды ерекше қошеметпен қарсы алған. Педагогтар мен психологтар, шетел ұстаздары әрбір оқушының білектеріне тілек баулар байлаған. Оқушылар болса, көкейлеріндегі арман-тілектерін айтқан.

" Бүгінгі күн ерекше басталды деуге болады. Сынап бағанасы -32 градусты көрсетіп тұрса да, барлығымыз сабаққа келдік. Мектеп есігін ашқанда ұстаздарымыздың ырғақты музыкамен осындай тосынсый ұйымдастырғанын көріп, қатты қуанып қалдық", - дейді 9 «D» сынып оқушысы Мекеш Сағымбай.
Еске сала кетейік, бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектебінде 7-11 сыныптарда оқитын оқушылардың саны - 617. Оларға біліктілігі жоғары 127 ұстаз білім береді.
Айта кеткен жөн, 20 қараша дүние жүзі бойынша балалар күні ретінде аталып өтіледі. 1954 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы  Бүкіләлемдік балалар күнін  әлемдегі балалар арасында туыстық пен түсіністік орнату және  өмір сүруге қолайлы жағдай жасауға ықпал ету күні ретінде өткізуді ұсынған.  БҰҰ-ның ресми құжаттарында 20 қараша күні Бүкіләлемдік балалар күнін өткізу туралы айтылады. Бұл күні 1959 жылы Бала құқықтары туралы Декларация, 1989 жылы «Балалардың құқықтары туралы» Конвенция қабылданды. 

null