Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Павлодарда Олжас Тоқтаровтың тәркіленген сыра зауыты бастапқы құнынан 10 есе арзанға сатылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бастапқы құны 19 млрд теңге болған сыра, минералды су және түрлі сусындар өндіретін зауыт аукционда бағаны төмендету әдісімен сатылған.

Олжас Тоқтаров
Фото: Андрей Лунин

Павлодар облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің мәліметінше, жаңа меншік иесіне қайта тіркеу процедурасы белгілі бір уақытты алады. Бұл ретте сауда-саттыққа тек жылжымайтын мүлік, яғни Павлодар мен Екібастұз қалаларындағы ғимараттар шығарылған. Өндіріс жүріп жатқан құрал-жабдықтар туралы сөз болған жоқ. 

ы
Фото: e-qazyna.kz

- Бағалау құны 6,4 млрд теңгені құрады. Сату сомасы мүлік құнының 30%-ына дейін төмендетілді. Бұл – 1 млрд 966 млн теңге. Сатып алушы туралы ақпарат құпия. Егер сатып алған кәсіпкердің өзі ол туралы айтқанымызды қаласа, біз мәлімет береміз. Әзірше одан ешқандай ақпарат түскен жоқ. Ол байланысқа шыққан жоқ, барлығы портал арқылы онлайн өтіп жатыр, - деді Павлодар облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы Ермұхамед Әбіш.

Ережеге сәйкес, шенеуніктер мүлік кешенін уақытша есепке алған кезде оның есігіне мөр басып, жауып тастауы керек еді. Дейтұрғанмен келісім бойынша кәсіпорын жұмысы тоқтатылған жоқ, сусын өндірісі жалғаса берді. Бұл ұжымдағы 350-ге жуық адамды жұмыссыз қалдырмау үшін жасалған қадам болатын.

- Біз мүліктерді 2026 жылдың қаңтарында қабылдап алдық. Уақытша есепке қойдық, бірақ мүлік бұрынғы иесінің меншігінде қалып отыр. Сот үкіміне сәйкес оны бағалауды және сатуды жүзеге асырамыз. Біздің мұндай өкілеттігіміз бар. Сатылымнан кейін келісімшарт, хаттама, сот шешімін береміз. Жаңа сатып алушы олардың негізінде қайта тіркеу процедурасын жүргізеді, - деп толықтырды Ермұхамед Әбіш.

Бұған дейін Павлодарда Олжас Тоқтаровтың тәркіленген сыра зауыты аукционға шығарылғанын жазған болатынбыз.