Павлодарда оралмандар мәселесі қаралды

 АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалында партия өкілдері Қытай, Ресей, Өзбекстан және Моңғолиядан көшіп келген оралмандарды қабылдап, мазалаған сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
None
None

Қоғамдық қабылдауға келгендердің бірі - Өзбекстаннан көшіп келген Динара Сайфуддинова. - Біз Павлодар облысына 2015 жылы қоныстанып, былтыр Қазақстанның азаматтығын алған едік. Енді Өзбекстанның азаматтық паспортын сол елдің Қазақстандағы елшілігіне осы бір айдың ішінде тапсыру керек екен. Бірақ, мен тұңғыш балама босануға күнім таяп отырғандықтан, Алматыға баруға жағдайым жоқ. Ал, төлқұжатты кешіктіріп апаратын болсақ, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалап қалмаймыз ба?, - деген сауалын жолдады Динара. Облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы Гүлстан Батталованың сөзінше, Өзбекстандағы өзгерістерге байланысты төлқұжатты міндетті түрде азамат өзі апарып тапсыру керек. - Бұрын біз көшіп келген ағайындардың барлығының төлқұжатын жинап алып, поштамен жіберетін едік. Кейін Өзбекстандағы көші-қонға байланысты заң өзгергендіктен мұны қабылдаудан бас тартты. Енді елшіліктің арнайы порталына тіркеліп қойып, жеңілдегеннен кейін өзің барып тапсырудан басқа амалың жоқ. Аз уақытқа кешіккенің үшін айыппұл салу мүмкін емес, - дейді  Гүлстан Батталова.

 Билік өкілдеріне назын арқалап келген ағайындардың бірі - Күлзатхан Жанай. Моңғолиядан 2012 жылы көшіп келіп, мемлекет тарапынан берілетін көтерме жәрдемақысын ала алмай жүр. - Біз 2012 жылдың қыркүйек айында келдік. Ал, желтоқсаннан бері келгендердің барлығы алып жатыр. Сол үшін әлі күнге дейін азаматтық алмай, ықтиярхатпен жүрміз, - дейді ол. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің бас маманы Мұхит Жақсылықұлының сөзінше, бұл заңдағы өзгерістерге байланысты туындаған мәселе екен. Мысалы, 2012 жылдың қыркүйегіне дейін келгендерге оралман мәртебесі бір жылға берілсе, одан кейін көшіп келген ағайындарға оралман куәлігі бес жылмен беріліпті. Ал, бір жылмен алғандардың уақыты әлдеқашан біткен. Сондықтан, оралман мәртебесі соған сәйкес беріліп жатқанын айтады бас маман. 

Соңғы жаңалықтар