Павлодарда оралмандардан ақша жинайтын алаяқтар пайда болды

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалындағы қоғамдық қабылдауда болған Қытайдан келген қандасымыз Ержан Әлімғазы айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
«Мұндай ұйымдасқан алаяқтар тобы шетелден көшіп келген ағайындардың орыс тілін түсінбейтінін және өз беттерімен жүріп, қағаз-құжаттарын бітіре алмайтындарын пайдаланып, оңай жолмен ақша табуды көздейд»,-дейді Ержан Әлімғазы. Нақтырақ айтқанда, «арзан бағаға үй тауып береміз», «аз уақытта құжат бітіреміз» және «1 миллион 200 мың теңге көлемінде ақша болса үй салып береміз» деген жалған уәде береді. «Сондықтан, алыстан келіп жатқан барлық қандастарыма алаяқтарға алданып қалмауға кеңес беремін. Қандай жағдай болса да, құзырлы органдардан және мемлекеттік мекемелерден көмек сұрау керек. Сонымен қатар, алаяқтыққа заң жүзінде тосқауыл қою керек». Қандасымыздың айтуынша, мұндай алаяқтар тобы негізінен Алматы өңірінде көптеп жиналып, бұрыннан бері осындай делдалдықпен айналысып жүрген. Тіпті, Қытайда тұратын туыстарына дейін whatsapp желісі арқылы хабарласып, осыны айтқан. Бірақ, хабар таратқан адамдардың нақты аты-жөні және қайда қызмет істейтіні белгісіз.
Ержанның өтініш-тілегін тыңдаған «Нұр Отан» партиясы мен көші-қон полициясының өкілдері мұндай қылмыстың алдын алып, заң жүзінде тосқауыл қоятындарын жеткізді.