Павлодарда өрт кезінде сегізінші қабаттың балконында қалған ер адам құтқарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласы Кутузов көшесі, 50 мекенжайында орналасқан 16 қабатты үйде өрт кезіндегі техникалық оқу-жаттығу өткізілді.
Бұл туралы Павлодар қалалық ТЖБ бас маманы азаматтық қорғаныс подполковнигі Алма Құтбекова мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.k z.
«Жоспар бойынша үшінші қабатта орналасқан үш бөлмелі пәтердің қонақ бөлмесінде кондиционер мен электр сымдарының тұйықталуы салдарынан қызыл жалын пәтерге тараған. Өрт күзетінде №16 пәтерде түтіннің таралуы туралы хабарлама келіп түсті. Дереу құтқарушылар автобаспалдақтың көмегімен сегізінші қабаттың балконынан бір адамды ажалдан аман алып қалды. Сондай-ақ 30 адам өз еркімен, 20 тұрғын өрт сөндірушілердің көмегімен сыртқа шығарылды. Қызыл жалын 30 минуттан кейін жойылды», - дейді Алма Құтбекова.
Оқу-жаттығу кезінде өрт сөндіру қызметі және апаттық-құтқару жұмыстары құрамында жеті техника, 25 қызметкер, ТЖБ инспекторлары, жергілікті полиция қызметінің мүшелері де жұмылдырылды. Шараның соңында көп қабатты үйдің қасындағы Кутузов, 52, Ак. Шөкин, 100 көшелеріндегі үйлердің тұрғындарына өрт қауіпсіздігінің ережелері түсіндіріліп, жадынамалар таратылды. Сонымен қатар ПИК-тің мүшелері аталған үйлерге қызмет ететін ұйымдарға нұсқаулық жұмыстар жүргізді.