Павлодарда өрт сөндірушілер ер адамды жанып жатқан үйден алып шықты
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Құтқарушылар бұған қоса өртеніп жатқан үйден газ баллонын алып шыққан. Ер адам ауруханаға жатқызылды.
Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
«25 ақпан күні сағат 20.21-де Павлодар қаласының Орджоникидзе көшесінде жеке үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақыру орнына өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері жедел жетті. Белгілі болғандай, жалын аумағы 10 шаршы метрді қамтыған, үй заттары мен шатыр жанған. 3-ӨСБ қарауыл бастығы Қайрат Бексейітов пен бөлімше командирі Бақтияр Нұрмағамбетов жанып жатқан үйден 1961 жылы туған ер адамды аман алып шықты. Құтқарылған азамат апаттар медицинасы орталығының қызметкерлеріне тапсырылып, әрі қарай ауруханаға жатқызылды», - деп мәлімдеді Nөтенше жағдайлар департаментінен.
Ал өрт сөндіруші Қайыргелді Қарыбаев үйден газ баллонын алып шыққан. Өрт сағат 21.01-де оқшауланып, сағат 21.26-да сөндірілді.
Өрттің себебі мен келтірілген шығын анықталып жатыр. Оқиға орнында жеке құрамнан 17 адам және 4 бірлік өрт сөндіру техникасы жұмыс істеді.