Павлодарда өрт сөндірушілер жанып жатқан тұрғын үйден қыз баланы құтқарды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өрт көпқабатты үйдің 7-қабатындағы пәтердің балконында тұтанған. Құтқарушылар бір подъезде тұратын 13 адамды сыртқа алып аман-есен алып шықты.

өрт
Фото: ТАСС

Өңірлік төтенше жағдай департаментіне хабарлағандай, 31 қаңтар күні сағат 17.30-да Торайғыров көшесіндегі пәтердің балконы жанып жатқаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндіру қызметкерлері әлгі жерде үй заттары, жиһаз, қағаздар және электр плитасы жанып жатқанын анықтады. Жалын жалпы аумағы 12 шаршы метрді шарпып, жоғары температураның әсерінен балконның пластикалық төбесі, терезе жақтауы және балкон есігі балқып кеткен.

Құтқарушылар баспалдақпен 13 адамды эвакуациялады, олардың төртеуі - бала.

Тұрғын үйдің 8-қабатындағы балконнан 2013 жылғы қыз бала құтқарушыларды көмекке шақырған. Газ-түтіннен қорғау қызметінің қызметкерлері «Фенист» құтқару құрылғысын (капюшонын) пайдаланып, қызды аман-есен алып шықты. Ол үйде жалғыз болған. Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері жасөспірімнің денсаулығы дін аман екенін хабарлады.

Өрт толығымен сағат 17:54-те жойылды. Сөндіру жұмыстарына барлығы 10 техника мен 35 қызметкер жұмылдырылған.

Қазіргі күні оқиғаның себеп-салдары анықталуда.