Павлодарда Орта Азиядағы ең ірі көпір өткелін 91 жастағы ҰОС ардагері ашты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Павлодарда көптен күткен Ертіс өзені арқылы өтетін Орта Азиядағы ең ірі көпір өткелі қолданысқа берілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2013 жылдың қыркүйегінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салына бастаған көпірді 91 жастағы ҰОС-ның ардагері Ғабдулла Мусинов ашты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Ғабдулла Мусинов Павлодарское ауылының тумасы. 1943 жылы 18 жасында майданға аттанған. Соғыстан кейін Ресей Федерациясының Краснояр өлкесінде жүргізуші болып жұмыс істеп, 1955 жылы Қазақстанға оралған. Көп жылдар бойы Ермак қаласының автобазасында механик болып, «Үздік жүргізуші» атанған. Қазіргі уақытта жұбайы Мария Қапсатаровамен Павлодар қаласында тұрып жатыр. Ардагердің төрт баласы, сегіз немересі мен бір шөбересі бар.
"Бүгінгі күнді павлодарлықтар көптен күтті", - деді облыс әкімі Болат Бақауов. "Ауа райы да жылынып, желтоқсанның ортасында «нұрлы» жаңбыр жауып жатыр".
Көпірдің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішенбаев, «ҚазАвтоЖол»ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатов, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов және облыстағы қоғам өкілдері қатысты. Мерекелік салтанат шеңберінде көпірдің үстімен қазақстандық автоөндірістің көшбасшылары - Қостанайда шығарылатын электромобильдер мен автомобильдер JAC iEV5, JAC iEV5S, JAC i3, SsangYong, JAC S3, JAC S5 кроссоверлері, Peugeot 301 седаны және IVECO Daily коммерциялық техникасы жүріп өтті.
Айта кетерлігі, көпір жаңа технологияларға сəйкес вант тəрізді иілгіш көлбеу аспаларды қолданумен жасалынды. Аркаларды орнату барысында «Heavylifting» технологиясын қолданылған. Аталмыш технология бойынша арканың көтерілуі арнайы арқандармен және көтергіштер арқылы жүргізілген. Бұл әдіс аркалық көпірлерді құрастыру бойынша үздік әдістердің қатарында. Жобаның жалпы құны 53,9 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде көпір республикалық "Орталық-Шығыс" төрт жолақты автобанның бір бөлігіне айналады және Қазақстанның орталық бөлігін Ресей елінің көршілес жатқан өңірлерімен байланыстырады. Сонымен қатар, жаңа көпірдің ашылуы Ақсу мен Павлодар арасындағы жолды 15 шақырымға қысқартса, еліміздің шығыс өңірлерінен орталық аймаққа қатынайтын транзиттік көліктер қала ішіне кірмейді. Осылайша, жолды 40 шақырымға қысқарту мүмкіндігі туды. Тәулігіне көпір өткелі арқылы 10 мыңға дейін автокөлік өтеді деп жоспарланған. Ұзындығы 12,3 шақырымдық көпір өткелінің құрылысына 13500 металл құрастырылым, 150 000 текше метр бетон жұмсалды. Жобаны жүзеге асырудың арқасында облыстық бюджетке 164 миллион теңге көлемінде салық түсті, ал республикалық бюджет 1,9 миллиард теңгемен толықты. Жергілікті бизнес өкілдерінен 2,9 миллиард теңгеге тауар мен қызмет түрі сатып алынды. Көпірдің құрылысына 1800 адам мен 700 бірлік техника жұмылдырылды.