Павлодарда өткен аралас жекпе-жек жарысынан түскен қаржы сырқат балаларды емдеуге жұмсалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда ММА аралас жекпе-жек бойынша «Қаһарлы күрес-17» халықаралық турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жарысқа Бразилия, Литва, Украина, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан елдерінен 24 спортшы қатысты. Он екі жекпе-жекке тұратын жарыс бес сағатқа созылды.
Кештің басты жекпе-жегі павлодарлық Фаниль Рафиков пен бразилиялық Жозе Маркус Сантиагоның арасында болды. Әділ қазылар алқасының шешімімен Фаниль Рафиков жеңіске жетті.
Павлодарлық батырды қала әкімі Болат Бақауов марапаттады. Павлодардағы «Ахмат» кәсіпқой спорт клубының президенті Сұлтан Ичиевтың айтуынша, билеттен 800 мың теңге жиналған.
«Билеттен түскен қаржыға 200 мың теңгені өз атымыздан қосып, жалпы сомасы бір миллион теңгені екі баланың емделуіне бөліп бердік. Олар сал ауруына шалдыққан 2002 жылы туған Даниил Шефнер мен 2006 жылы туған Әлішер Аманолла. Даниилге дәрігерлер лейкодистрофия диагнозын қойған, ал Әлішерде орта деңгейлі спастикалық диплегия. Бұл біздің клубтың халықаралық турнирден жасаған алғашқы қайырымдылық шарасы», - деді С. Ичиев.
Сондай-ақ Сұлтан Ичиевтың атап өткендей, шет елден келген спортшылар Павлодарда Наурыз мерекесін тойлаған. «Ұлыс күні қонақтарымызға қатты ұнады. Бразилиялықтар қазақша еттен ауыз тиді, олар бұдан керемет асты жеп көрмегендерін айтты», дейді бапкер.
«Batyr mall» орталығында өткен ММА аралас жекпе-жек бойынша «Қаһарлы күрес-17» халықаралық турнирін 1000-ға жуық адам тамашалады. Аталмыш турнир «Боец» телеарнасынан көрсетіледі.