Павлодарда өзенге батып бара жатқан ер адам құтқарылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Оны Усолка өзенін патрульдеу кезінде жедел-құтқару жасағының қызметкерлері байқап қалған. Азамат арнайы жабдықталмаған жерде суға түскен.
Павлодар облысы төтенше жағдай департаментінің құтқарушылары суға батып бара жатқан адамды құтқарды.
«Усолка өзенінде патрульдеу кезінде құтқарушылар 1989 жылы туған ер адамның суға батып бара жатқанын байқады. Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері ер адамды судан шығарып, жағаға жеткізді. Құтқарылған азамат дін аман», - деп хабарлады Павлодар облысы төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметінен.
Төтенше жағдай мамандары тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып отыр. Бейтаныс және арнайы жабдықталмаған жерлерде шомылуға болмайды.
Еске сала кетейік, Павлодарда екі жігіт суға батып кетті.