Павлодарда өзге ұлт өкілдері қазақша ән салатын жаңа жоба басталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері арасында «Қазақша ән саламыз» фестивалі басталды. Өзге ұлт өкілдері ел аузындағы танымал әндерді тамылжыта шырқап, халқымыздың әншілік мәдениетін жақыннан тани түсті.
«Қазақша ән саламыз» фестивалінің алғашқы жобасы өңірдегі барлық этномәдени бірлестіктердің басын қосты. Жалпы саны 60-тан астам қатысушы өнер көрсетіп, қазақтың танымал әндерін орындады. Фестивальдің аты айтып тұрғанда, мұнда тек өзге ұлт өкілдері қазақ тіліндегі әндерді шырқады. Әуелі қатысушылар жеребе тартысып, «Асыл әуен», «Шалқыма», «Сырлы саз», «Дудар-ай» топтарына бөлінді. Ал мәдени іс-шараның өзі «халық әндері», «қазақ композиторларының әндері», «заманауи әндер» деген үш кезеңнен тұрды.

— «Қазақша ән салайық» жобасы Павлодар облысы әкімінің тапсырмасы бойынша тұңғыш рет облыстық Ассамблеяда өткізіліп отыр. Жоба мақсаты — жастар арасында қазақ мәдениетіне деген құрмет сезімін тәрбиелеу, өзге этнос өкілдері арасында рухани бірлік пен ұлтаралық келісім идеяларын тарату, мемлекеттік тілдің дамуына ықпал ету. Бұл арқылы қазақтың мәдени құндылықтары ұлықталады. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері қазақша ән шырқап, рухани өнерімізбен танысады. Бұл жоба өңірде алғаш рет ұйымдастырылды. Алдағы Республика күнінде өзгеше форматта өткіземіз деп жоспарлап отырмыз, — дейді «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүрия Көбенова.
Қатысушылар жеребе таңдап, өздеріңе берілген әндерді орындады. Олардың қатарында «Ана», «Ұстазым», «Саржайлау», «Армандастар», «Бір бала» туындылары бар.


Еске сала кетейік, Павлодарда 100 жас домбырашы «Ортеке» күйін шертіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді.