Павлодарда пиротехника саудасына қарсы күрес жүргізіліп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда 1 миллион теңгенің пиротехникалық заттары тәркіленді. Өйткені сатушылардың арнайы рұқсат қағазы жоқ. Енді олар 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді, деп жазады «Хабар 24».

Павлодарда пиротехника саудасына қарсы күрес жүргізіліп жатыр

«Пиротехника - 2016» алдын алу шарасы барысында оннан астам ірілі-ұсақты сауда орны тексерілді. Олардың көпшілігінде отшашуларды сақтау ережесі бұзылған.

«Рейдті өткізудегі мақсат - өрт қауіпсіздігі мен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау. Лицензиясы жоқ өнімдерді сататындар әдетте өрт қауіпсіздігін сақтамайды. Пиротехника өнімдері тексерілмей, заңсыз сатылса, өрт оқиғалары болуы мүмкін», - дейді Қалалық ТЖБ мемлекеттік өртті бақылау бөлімінің бастығы Қайрат Шаймарденов.

Заң талабына сай Жаңа жыл нышандары арнайы лицензиямен мамандандырылған сауда орындарында сатылуы тиіс. Жедел алдын алу шарасы желтоқсанның аяғына дейін жалғасады. Ал тәркіленген өнім толық жойылады.