Павлодарда полиция қыста табылған сәбидің ата-анасын іздеп жатыр
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Полиция қаңтар айында Павлодардағы қоқыс жәшігінің жанынан табылған 7-12 күндік сәбидің ата-анасын іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сәби туыс не таныстарыңыздың бірінің баласы екенін білсеңіздер, немесе баланың анасы туралы қандай да бір ақпараттарыңыз болса 8-(7182)-39-15-08 нөміріне, WhatsApp-тан: 8-701-014-8-014 нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз. Ақпарат құпия болады», - деп мәлімдеді бүгін Павлодар облыстық полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарына.
Ведомствоның берген мәліметтеріне қарағанда, 2018 жылғы 29 қаңтар күні 19.45 шамасында Павлодардың Гагарин көшесіндегі 40-үйдің ауласындағы қоқыс жәшігінің жанынан түрі азиялыққа келетін, 7-12 күндік сәби табылған. 
«Бала қазіргі кезде «Павлодар облыстық мамандандырылған балалар үйі» мемлекеттік мекемесінде, оның жағдайы жақсы», - дейді департамент қызметкерлері.
Жуырда ғана Павлодар облысында қоқыс жәшігінің жанынан сәбидің денесі табылғандығы туралы хабар тараған болатын.
Фото: Павлодар облысының полиция департаменті