Павлодарда полиэтилен пакетке салынған шақалақ табылды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының көшесінен полиэтилен пакетке оралған шақалақтың денесі табылды. Оның тірі немесе өлі туғандығын арнайы сараптама қорытындысы анықтайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Павлодарда полиэтилен пакетке салынған шақалақ табылды

Қаланың негізгі көшелерінің бірінің ауласынан табылған шақалаққа жасалатын сараптама қорытындысы бір айдан кейін дайын болады. 1 Мая көшесіндегі тұрғын үйдің кіреберісінде жатқан шарананы аула сыпырушы алғашқылардың бірі болып байқап, полицияға хабар берген.

«Қазіргі уақытта осы факт бойынша арнайы сараптау тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша процессуальдық шешім шығарылады. Шарананың анасын анықтау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Процессуальдық шешім сот-сараптамалық қорытынды жасалғаннан кейін қабылданатын болады»,- деді Павлодар облысы ІІД-нің баспасөз хатшысы Баян Мағзұмова.

Б.Мағзұмованың сөзіне қарағанда, егер сараптама қорытындысы бойынша шақалақ ай-күніне жетіп туып және туған кезде тірі болған болса, онда оның анасы адам өлтіру фактісі бойынша жауапкершілікке тартылады. Ал егер шақалақ өлі туғандығы анықталса көкек ананың жауапкершілігі туралы мәселе көтеріледі. Бір сөзбен айтқанда барлығы сараптама қорытындысына байланысты болмақ.

Шақалақтың денесі табылған аумақта жедел іздеу шарасы жүргізіліп, полиция қызметкерлері жүктілік бойынша есепте тұрған аналардың деректерін тексеруден өткізуде.

ІІД мәліметіне қарағанда, өлі табылған шарана шамамен 4-5 айлық. Жергілікті аула тұрғындары шақалақты аулаға басқа жақтан алып келуі мүмкін екендігін алға тартып отыр.