Павлодарда жүк пойызы 4 жылқыны қағып кетті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жүк пойызы шұғыл тоқтауға мәжбүр болған. Жануарлардың иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға Жұмыскер-Көктөбе стансаларының аралығында болған. Жүк пойызының машинисі кенеттен шыға келген жылқыларды көріп, шұғыл түрде тоқтаған. Рельсті көлік төрт жылқыны қағып кеткен.
«Қақтығысу салдарынан жүк пойызы жолда жарты сағаттай тұрып қалды. Павлодар стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері жылқылардың иесін іздеп тапты. Ол 45 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Азамат малды теміржол бойында баққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл белгіленді», - деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Көліктегі полиция департаменті жыл басынан еліміз бойынша пойыздардың шұғыл тоқтауына қатысты 464 факті тіркелгенін айтады. Сондай-ақ осы уақытқа дейін теміржолдар бойында үй жануарларымен соқтығысудың 369 оқиғасы болған.