Павлодарда пробация қызметінің бұрынғы инспекторы пара алғаны үшін 12 млн теңге айыппұл арқалады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Пробация қызметінің бұрынғы инспекторы сотталған азаматтан 400 мың теңге пара алғаны үшін 12 млн теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде айтылған.

Атырауда экологиялық тексерісті парамен шешпек болған басшы 270 млн теңге айыппұл арқалады
Фото: Kazinform\Freepik

Іс материалдарына сүйенсек, Павлодар қаласының тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Осыған байланысты ол пробация қызметіне есепке алынып, сот жүктеген шектеулерді сақтауға міндетті болған.

Алайда 2026 жылғы тамызда сотталған азамат жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған. Полиция оны тоқтатып, әкімшілік хаттама толтырған. Оның тәртібін бақылауға міндетті пробация инспекторы бұл құқық бұзушылыққа байланысты тиісті шара қабылдамаған.

Арада екі апта өткенде ер адам көлікті мас күйінде басқарғаны үшін қайта ұсталған. Сот шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.

Жазасын өтеп шыққаннан кейін кезекті тіркеуге келген азаматтан 39 жастағы пробация инспекторы 400 мың теңге талап еткен. Ол бұл ақшаны сотталған адамның заңбұзушылықтары туралы ескерту жасамағаны және жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы сотқа ұсыныс енгізбегені үшін сұраған.

Инспектор ақшаны сол күні беруді талап еткен. Ал сотталушы келісілген соманы бірнеше күннен кейін жеткізген. Ақшаны алған сәтте қызметкер ұсталды.

Сотта қаралған қылмыстық іс бойынша экс-инспектор кінәсін мойындап, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұраған.

Сот оған 12 млн теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарды.

Еске сала кетейік, Павлодарлық кәсіпкер өз қызметкерлерінің карталары арқылы 100 млн теңгеден астам заңсыз аударым жасаған.