Павлодарда прокуратураның араласуымен фермер қолға алған жоба жалғасын тапты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – «БИК» шаруа қожалығы 500 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салу кезінде қаржылай қиындыққа ұрынған. Прокуратураның сүйемелдеуімен шаруа қажет несиеге қол жеткізді.

сүт фермасы
Фото: СҚО әкімдігі

Успен ауданындағы «БИК» ШҚ тұрғызып жатқан тауарлы сүт фермасы ашылса, онда жаңадан 20 адамға жұмыс табылады. Жобаның жалпы құны 3,1 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Нысанды салу кезінде инвестор мемлекеттік қарыз алу проблемасына тап болды. Аудан прокуратурасы кәсіпкердің өтініші бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен ведомствоаралық кеңес ұйымдастырған. Оның нәтижесінде инвесторға несие ресімдеу және қажетті құжаттарды жинау мәселелері бойынша жәрдем көрсетілді.

Нәтижесінде шаруа қожалығына 500 млн теңге сомасында несие қаражаты берілді (бірінші транш).

Бұл ақшаға инвестор Ресейден және Еуропа елдерінен қажетті құрылыс материалдарын сатып алуды жоспарлап отыр.