Павлодарда психотроптық және есірткі заттарының заңсыз айналымының 18 фактісі анықталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Полицейлер есірткі және психотроптық заттар айналымы саласында жұмыс істейтін 46 фармацевтикалық және медициналық қызмет субъектісін, 96 дәріхананы, сондай-ақ қоймалар мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды тексерді. Барлығы 152 килограмм есірткі және психотроптық заттар айналымнан алынды.

Облыс аумағында «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Полицейлер есірткі мен психотроптық заттардың контрабандалық жеткізілуін, сондай-ақ бақылаудағы заттардың заңсыз айналымға өтіп кету фактілерін анықтады. Заңсыз айналымның 18 фактісі, оның ішінде есірткі өткізу, фармацевтикалық қызмет қағидаларын бұзу деректері белгілі болды.
— Емдеу-алдын алу мекемелерін тексеру кезінде есірткі және психотроптық заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзу анықталды. Нәтижесінде 330 «морфин» ампуласы, 916 «трамадол» таблеткасы және 184 трансдермальды патч тәркіленді. Барлығы 152 килограмм айналымнан алынды, — деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша басқармасының бастығы Тимур Қаржаубаев.
Сонымен қатар облыстың өнеркәсіптік объектілерінің бірінің аумағында да заң бұзушылықтар айқындалды. Прекурсорлармен жұмыс істеу қағидаларын бұза отырып сақталған 137 тоннадан астам тұз және 14 тонна күкірт қышқылы табылып, тәркіленді. Есірткі және психотроптық заттар айналымы саласында жұмыс істейтін 46 фармацевтикалық және медициналық қызмет субъектісі, 96 дәріхана, сондай-ақ қоймалар, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен емдеу-алдын алу мекемелері тексерілді.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері полицейлер 17 тоннадан астам есірткі тәркіледі.