Павлодарда Ресей азаматы 50 кг астам есірткімен құрықталды

АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Павлодар облысында Ресей азаматы 50 кг-нан астам есірткімен құрықталды.

Павлодарда Ресей азаматы 50 кг астам есірткімен құрықталды

Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамауға алынып, оның үстінен есірткі контрабандасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Павлодар облысы ІІД-нің қызметкерлері Ресей Федерациясының 28 жастағы азаматын Северное ауылында құрықтады. Тексеру кезінде одан сатуға арналған 50,5 килограмға жуық марихуана алынды», - деп атап көрсетті ол.

Қ. Жұмановтың айтуынша, жалпы апта ішінде елімізде 158 есірткі қылмысы, оның ішінде 80 есірткі сату фактісі анықталған. 121 килограмнан астам есірткі, оның ішінде 8,5 килограмм героин тәркіленген.