Павлодарда ресми жұмыссыздар саны жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар қаласының Мансап орталығының мәліметінше, кейбір тұрғындар денсаулық жағдайы мен біліктілік деңгейіне байланысты жұмысқа орналаса алмай жүр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Павлодарда ресми жұмыссыздар саны жарияланды
Фото: Азертадж

Орталықтың мәліметіне сәйкес, ресми жұмыссыздар саны тұрақты түрде өзгеріп отырады. Мансап орталығының мамандары бос жұмыс орындарын үздіксіз іздегенімен, барлық павлодарлықтарға лайықты жұмыс табыла бермейді.

Сонымен қатар кейбір жұмыс іздеушілердің талаптары да жоғары. Жұмыс жүктемесі аз болғанымен, жоғары жалақы алғысы келеді. Ал жастар көбіне ақпараттық технологиялар саласындағы бос жұмыс орындарын іздейді.

Сондай-ақ Павлодар облысы өнеркәсіптік өңір болғандықтан, токарь, слесарь және электрик сияқты жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары.

– Жалақы, әрине, мамандыққа байланысты өзгереді. Мысалы, вахтер, күзетші секілді ауыр физикалық күшті қажет етпейтін қызметтердің еңбекақысы 130 мыңнан 180 мың теңгеге дейін. Ал бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие токарь, жөндеуші-слесарь, монтажшы сияқты тар бейінді мамандар 500–600 мың теңгеден астам жалақы алады, – деді Павлодар қалалық Мансап орталығының директоры Қарлығаш Асаимова.

Жұмыспен қамту мәселесін шешуге бос жұмыс орындары жәрмеңкелері де ықпал етіп келеді. Әдетте мұндай іс-шараларға түрлі кәсіпорындардың 50-ге жуық өкілі мен жұмыс іздеп жүрген мыңға дейін қала тұрғыны қатысады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2026 жылғы I тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,5% болғанын жаздық.

Ал 69,8 мың қазақстандық мемлекет қолдауымен жұмысқа орналасты.