Павлодарда республикалық маңызы бар жол учаскесі пайдалануға берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысында «Атамекен — Ақсу — Көктөбе — Үлкен Ақжар — Курчатов» автожолының 15 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. 

Павлодарда республикалық маңызы бар жол учаскесі пайдалануға берілді
Фото: видеодан алынғын скрин

Павлодар облысында республикалық маңызы бар KZ14-03 Атамекен — Ақсу — Көктөбе — Үлкен Ақжар — Курчатов қаласы автомобиль жолының 0–15 шақырым аралығындағы учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді.

Жөндеуден өткен учаскенің жалпы ұзындығы 15,040 шақырымды құрайды. Аталған автомобиль жолы II техникалық санатқа жатады.

Жоба аясында қолданыстағы жол жабыны жонылып, ірі түйіршікті асфальтбетон қоспасынан төменгі қабат және қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон қоспасынан жоғарғы қабат төселді.

Сонымен қатар, 11+370 шақырымдағы жол айрығында және 14+900 шақырымда орналасқан жол өтпесінде деформациялық жіктер ауыстырылды.

Жөндеу жұмыстары автомобиль жолын нормативтік талаптарға сәйкес күтіп-ұстау, жол жабынының сапасын жақсарту және автокөлік қозғалысының қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыру мақсатында жүргізілді.

Жаңартылған жол учаскесі жүргізушілер үшін қауіпсіз әрі жайлы қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетелік ақылы жолда төлем жасаудың жаңа тәсілі енгізіліп жатқаны туралы жазған едік