Павлодарда сегіз субұрқақ күрделі жөндеуді талап етеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодардағы сегіз субұрқаққа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек, деп хабарлайды pavlodarnews.kz">pavlodarnews.kz .
Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Тимур Айдарханов мәлім етті.
«Қаланы көріктендіру бағдарламасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мамандарымен қаладағы субұрқақтарының жағдайымен танысып қайттық. Тексеріс нәтижесінде Павлодардағы 19 субұрқақтың сегізіне күрделі жөндеу керек екені анықталды. Бұл - Айманов-Мир, Сәтпаев-Ломов көшелерінің қиылысында, «Шаңырақ» пен «Баянауыл» мәдени-сауық орталығы, сапаржай және орталық әмбебап дүкенінің қасындағы, қалалық бақ пен Ленин саяжайында орналасқан субұрқақтар», - деді Тимур Айдарханов.
Оның айтуынша, субұрқақтарды қалпына келтіру жұмыстары қаланың 2016-2017 жылғы көріктендіру жоспарына кіреді. Айта кетерлігі, осы маусымда қаладағы барлық субұрқақтар үздіксіз жұмыс істеді. Бүгінгі күні бұл нысандар өз жұмысын тоқтатқан жоқ.