Павлодарда серпіндік студенттер өңірдің киелі орындарына саяхат жасайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылған жобалық кеңсенің атқарып жатқан жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодарда серпіндік студенттер өңірдің киелі орындарына саяхат жасайды

Кездесу барысында ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов «Қазақстанның қасиетті жерлері» арнайы бағдарламасы шеңберінде жасалған жұмыстар жайында баяндады.

«Облыстық ішкі саясат басқармасымен «Сакралды жерлерге саяхат» атты кең көлемді акциясы басталды», - деді Ернұр Дәуенов.

«Акцияға өңірдің бүкіл тұрғындары қатысуда. Іс-шараның басты мақсаты - облыс тұрғындарын өңірдің сакралды жерлерімен таныстыру, сондай-ақ бұл орындарды ішкі туризм насандары ретінде насихаттау. Бір ай бойы облыс тұрғындары мен қонақтары өңірдің киелі жерлерімен танысатын болады. Күні бүгін 71 нысаннан тұратын сакралды жерлер тізімі қалыптастырылды. Олардың біраз бөлігін сейсенбі күні мәдениет саласының өкілдері аралап шықты. Алдағы аптада жастар бастамаларын дамыту орталығының жетекшілігімен серпіндік студенттерге киелі орындар таныстырылатын болады. Павлодар облысының киелі жерлерінің тізімі аймақтағы бес туристік фирмаларға берілді. Оның ішінде «Саят Павлодар» турфирмасы халық үшін арнайы карта жасап, қала қонақтарына ұсынатын болады».

Еске сала кетейік, еліміздің оңтүстік өңірінен «Серпін» бағдарламасы бойынша келген 505 студент облысымыздағы жеті оқу орынында 12 мамандық бойынша білім алуда. Олардың 200-і биыл келген.