Павлодарда Шәкен Аймановтың өмірі жайында жазылған «Сұңғыла» кітабы жарық көрді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Кітап қазақ киносының атасы Шәкен Аймановтың 110 жылдығына орай басылды. Онда қазақтың белгілі тұлғаларының естеліктері мен мақалалары топтастырылған.


«Бұл кітапта негізінен өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларды, кітаптардағы кейбір естеліктерді топтастырдық. Келер ұрпақ Шәкен ағамыздың қандай адам болғанын, оның өмірінің қалай өрілгенін білсін деген ниеттен туып отыр. Жинаққа Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбаев, Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Әкім Тарази, Әшірбек Сығай және Шәкен Аймановпен иық тіресіп жұмыс істеген өзге де өнер қайраткерлерінің естелік мақалалары енді. Көлемі 345 бет болып шықты. Шәкен аға қандай фильм түсірсе де, ұлттық құндылықтарды дәріптеген. Осы ерекшеліктерді негізгі ұстаным етіп, кітаптың баянына сіңірдік»,-деп атап өтті кітаптың құрастырушысы, филология ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университетіндегі Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы мен мәдениетін зерттеу орталығының директоры Амантай Құдабаев.

Кітаптың тұсаукесеріне орай Шәкен Аймановтың 110 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист, продюсер, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Сламбек Тәуекел, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов, театр және кино актері Ергенбай Әбу және Торайғыров университетінің ғалымдары қатысты.

Ал Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі Ш.Айманов пен Кәукен Кенжетаевтың шығармашылығы мен өмірі жайында көрме ұсынды.





