Павлодарда шетелден келген жастардың ҰБТ-ға дайындығы талқыланды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардағы Достық үйінде «ҚР ЖОО-дағы мемлекеттік білім беру тапсырмасы бойынша ашылған дайындық бөлімдері және шет елдегі қазақ жастары» тақырыбында кездесу өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодарда шетелден келген жастардың ҰБТ-ға дайындығы талқыланды

Оған өңірдегі үш университеттегі «Foundation» факультетінің дайындық бөлімінде білім алып жатқан жастар қатысты. Қазіргі таңда С. Торайғыров атындағы ПМУ-да 70 бала, ПМПУ мен ИнЕУ-де 50 шақты бала дайындық курстарында білім алуда. Олар Моңғолия, Қытай, Өзбекстан және Ресей елдерінен келген жастар. Кездесу барысында «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Заут жастарды толғандырған сауалдар туралы сұрап, алдағы тұрған сын сағатына сәттілік тіледі.

«Шетте тұрған қандастарымыздың жағдайы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есінен бір сәтте де шыққан емес. Моңғолия елінен ұлы көш 1991 жылы басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасуда. 1996 жылы шетелде тұратын отандастырмызды қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Сол жылы еліміздің ЖОО-да 1000-ға жуық түлек грант негізінде білім алды. Былтыр қолдарыңызға аттестат алғаннан кейін ҚР ЖОО түсу үшін бір жыл тегін дайындықтан өттіңіздер. Көптеген ұстаздар жастардың әлеуметтік жағдайларына, оқу сапасына және тәртібіне көңіл бөліп, ауқымды жұмыс атқарды»,- дейді Болат Заут.

Нұр-Сұлтан қаласынан келген «Отандастар» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мәдени-ғылыми департаментінің қызметкері Нұрымжан Жұмағазин білім гранттарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұл уақытқа дейін квота жалпы республикалық гранттан екі пайыз бөлінген болса, ендігі уақытта екі есеге артып, 4 пайызға өсті

«Бұл шамамен 1500 орын. Квота ҰБТ тапсырған кезде межедегі балды жинай алмаған жағдайда ЖОО-ға түсуге мүмкіндік береді. Бірақ шекті балды жинау міндетті. Бұдан басқа, магистратураға түсу үшін стипендиялық бағдарлама іске қосылды. Шетелдегі қандастарымыз емтиханға құжаттарын онлайн режімде тапсырып оқуға түсе алады. Олар үшін жатын орны, стипендия қарастырылған. «Отандастар» қоғамының ұйымдастыруымен қазақ тілін дамыту мақсатында әлемнің қазақтар көп шоғырланған 14 қаласында онлайн класстар ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Сайт арқылы қазақ тілін үйреніп, ұлттық салт-дәстүр және әдет-ғұрып туралы ақпарат алуға болады»,-дейді Нұрымжан Жұмағазин.

Сондай-ақ, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов ҰБТ-ға дайындықтың бірқатар әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

Қытай елі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы облысының Құлжа қаласынан келіп С. Торайғыров атындағы ПМУ-да дайындықтан өтіп жатқан Ғалым Еркімбекұлы болашақта Ертіс өңірінде дәстүрлі әндер мамандығы бойынша білім алғысы келетінін айтады. «2018 жылдың тамыз айында келген болатынмын», - дейді ол. «Ертістің жағасына келген кезде ең бірінші өзеннің жағасына бардым. Павлодар тамаша қала. Қытаймен Қазақстанды салыстыратын болсақ, ол жақтың экономикасы дамып кеткен. Дегенмен, Қазақстанға деген ерекше ыстық сезім болады. Осы уақыттың ішінде Ақсу қаласында және Успен ауданында өткен жастар арасындағы айтыста бас жүлдегер атандым. Болашақта осы жақта білім алып, өз еліме қызмет етуді армандаймын».