Павлодарда шетелдік әуежайлар пайдаланатын керосин өндіріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда әлемнің көптеген әуежайлары пайдаланатын керосин өндіріледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Павлодарда шетелдік әуежайлар пайдаланатын керосин өндіріледі

«Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғыртудағы тағы бір ірі жоба Еуро-5 стандартына сай өнім шығару болмақ. Мұнан бөлек, жаңғырту әлемдің көптеген әуежайларында ұшақтар құятын Jet-A халықаралық стандартындағы авиакероисин өндірісін қайта жолға қоюға мүмкіндік береді. 2018 жылы 170 мың  тонна керосин өндіру жоспарланып отыр. Дегенмен бізді 300-ден 350 мың тоннаға дейін өндіруге мүмкіндік болады», - деді облыс басшысы.

Оның айтуынша, Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту жұмыстары жоспарланған мерзімде аяқталатын болады.

«Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту жұмыстарының аяқталуы 1 қарашаға жоспарланған. Премьер-Министр сондай тапсырма да берді. Жаңғырту жұмыстарын 1 қарашаға дейін аяқтай алмай қаламыз-ау деген қандай да бір қаупіміз жоқ. Бұған қоса, өздеріңіз де білетіндей, зауыт жыл сайын ағымдық жоспарлы жөндеу жұмыстарына 1 айға тоқтатылады. 26 қазанда зауытта  жөндеу жұмыстарын қоса алғандағы жаңғыртудан кейінгі суық  ауа айдау жүргізіледі. 1 қарашада зауытты іске қосамыз. 2018 жылы зауыт жыл сайынғы жоспарлы жөндеу жұмыстарына тоқтатылмайды», - деді Болат Бақауов.