Павлодарда шыбын-шіркей қаптап, ауыл тұрғындарының құтын қашыруда

шіркей
Фото: Валерий Бугаев

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Мамыр айының жауын-шашынды әрі салқын болуынан қансорғыштардың жаппай қанаттануы байқала қоймаған еді. Маусым айының алғашқы аптасында күн ысып, шіркей мен сары маса қаптап шыға келді.

Шыбын-шіркейдің шабуылына, әсіресе Ертіс өзенін бойлай орналасқан Павлодар, Ақтоғай, Ертіс, Тереңкөл, Железин аудандарының халқы мен төрт түлігі ұшырап жатыр.

Қансорғыштар өзен жайылмасындағы таяз судан қанаттанып, түнгі уақытта ауылдарда қаптап кетеді.

Ертіс пен Железин аудандарының тұрғындары үймелеп кеткен шіркей мен сары масаға қатысты шағымдарын жеткізді.

Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева бір ғана Ертіс ауданында дезинсекциялық жұмыстар 10 мың гектар аумақта жүргізілетінін хабарлады.

шіркей
Фото: Валерий Бугаев

— Жоспар бойынша аймақтар әуеден өңделеді. Су әлі толығымен қайтпаған. Былтырғы жылға қарағанда жайылманы су басу деңгейі 1,5 есе көп, әсіресе солтүстік өңірлерде ол 90 пайызға жетіп тұр. Сондықтан шіркейлердің жаңа тобы күн сайын ұшып шығады. Біз әуеден өңдеу тактикасын өзгертеміз. Ғылыми топтың ұсынысымен дезинсекциялаудың екінші және үшінші кезеңі келесі аптада басталады, -деді ол.

Ал Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов келер жылы Ертіс пен Железин аудандарында шыбын-шіркейге қарсы өңделетін аумақтарды ұлғайту керек деген пікірде.

Еске сала кетейік, биыл Павлодар облысында жалпы аумағы 127 мың гектар алқапты шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55,5 мың гектарға көп.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum