Павлодарда шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жұмыстары қашан басталады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс өзеніне су жіберу шаралары шамамен 15-16 сәуірде жүргізілуі мүмкін. Оның соңын ала өңірдегі 59 елді мекеннің айналасында «Бактицид» препараты шашыла бастайды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Павлодар облысында жалпы аумағы 127 мың гектар алқапты шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жоспарланып отыр. https://kaz.inform.kz/news/pavlodar-oblisinda-shibin-shrkeyge-karsi-himiyalik-ondeletn-aumak-kolem-ulgayadi-11db93/
Жәндіктердің дернәсілдерін жоюға арналған «Бактицид» препаратының алғашқы 60 тоннасы облыс орталығына қазірден жеткізіліп қойды. Ертіс өзенінде су жіберу шаралары аяқталған соң әуеден және жерден өңдеу шаралары басталады.
Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева «Бактицид» биологиялық препараты біздің аймақта 10 жылдай қолданылып келе жатқанын атап өтті. Шыбын-шіркейдің препаратқа деген бейімделуі байқалмайды, ал дәрінің қоршаған ортаға тигізетін зияны елеусіз. Ертіс өзенін жағалай орналасқан елді мекендер маңайын өңдеу шараларына 157 тонна препарат қажет.
Шіркейдің популяциясын біржола құртып жіберу деген ойға сыймайтын дүние. Биология ғылымдарының докторы, профессор Қанат Ахметов «Бактицид» деп аталатын микробиологиялық препарат дернәсілдер өз бетімен қоректене алатын даму деңгейінде ғана нәтижелі екенін айтады. Мамандар дернәсілдердің дамуын бақылап отырады да, уақыты жеткенде «Бактицидті» шашып, оларды жояды. Бекітілген стандартқа сүйенсек, егер әлгі биологиялық препарат шашылған жерлердегі қансорғыштардың кемі 80 пайызы қырылса, өңдеудің нәтижелі жүргізілгенін білдіреді. Ал қанаттанып шыққан шіркейлерді жою үшін кезекте химиялық, барьерлік өңдеу күтіп тұрады. Ол елді мекендердің айналасындағы шөптесін жерлерде, ағаш тоғайларында жүргізіледі.
Ғалымның пікірінше, жәндіктерді өңдеу арқылы жою — шыбын-шіркеймен күрестің жалғыз әрі тиімді жолы. Соңғы 25 жылдағы зерттеулер мұны айқын дәлелдеп отыр.
— Биыл қыста өңірде қар аз болды. Өңделетін аумақтар ұлғайғанымен, шыбын-шіркей саны соншалықты көп болады деп айта алмаймын. Біз 2000 жылдан бері сары маса мен шіркейді зерттеп келеміз. Алғашқы жылдары бір дециметр аумақта шіркейдің 6-7 мың данаға дейін дернәсілі кездесетін. Өңдеу жұмыстары жыл сайын жүйелі жүргізіліп келе жатқанының нәтижесі болуы керек, қазір бұл норма 1-1,5 мың данаға дейін төмендеген. Негізі дернәсіл даму барысында төрт мәрте түлейді, содан аман өтсе ұшып кетеді, - дейді ол.
Биыл дезинсекциялық шараларды «В и К ЛТД» ЖШС жүргізетіні белгілі болды. «Биосфера» ЖШС ғылыми сүйемелдеу жасайды. Жалпы шыбын-шіркейді улау жұмыстарына бюджеттен 7,8 млрд теңге қаражат бөлінген.