Павлодарда шілде айынан бастап электр қуатының тарифі өзгереді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Биылғы 1 шілдеден Павлодарда электр энергиясының тарифі 6,7%-ға өседі деп жоспарланып отыр. Тұтынушылар бір кВт/сағ үшін бұрынғы 32,58 теңгенің орнына 34,76 теңге төлейтін болады
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, тариф өзгерісінің жеке тұтынушыларға қатысы жоқ. Барлық салмақ бюджеттік мекемелер мен бизнес құрылымдарға түседі.
- Жеке тұлғалар, яғни тұрмыстық тұтынушылар үшін баға өзгерген жоқ. Тариф өзгерісі бюджеттік ұйымдар үшін 3,08%-ды және өзге тұтынушылар үшін 13,55% болды. Жылу тарифі де халық пен бизнес үшін бұрынғы деңгейде қалып отыр. Ал бюджеттік мекемелер үшін жылу энергиясының тарифі 10,7%-ға артады, - деп атап өтті Нұрлан Нұрмұратов.
Еске сала кетейік, Павлодарда жеке тұлғалар үшін электр қуатының тарифі соңғы рет 2025 жылдың тамызында көтерілген болатын.