Павлодарда шомылу маусымы басталғалы 7 адам суға кеткен
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Құтқарушылар осы уақыт ішінде 49 адамды тілсіз жаудан құтқарып қалған. Олардың арасында 8 бала бар.
Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады.
Облыс аумағында қабылданған профилактикалық шараларға қарамастан, биылғы шомылу маусымында 7 адам суға батып кеткен. Оның екеуі – кәмелетке толмағандар. Бұл ретте 49 адам құтқарылған. Олардың арасында 8 бала бар.
- Су айдындарында қаза табудың негізгі себептері - тыйым салынған орындарда және алкогольдік мас күйінде шомылу. Құрбан болған жеті адамның алтауы шомылуға жабдықталмаған орындарда суға кеткен. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар орнатқан «Шомылуға тыйым салынады» белгілерді адамдардың әдейі алып тастаған жағдайлары да тіркелді, - дейді өңірлік төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Тілекжан Ғалямов.
Қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 300-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, шағын көлемді кемелерді мас күйінде басқарғаны үшін бес қылмыстық іс тіркелген.
Еске сала кетейік, Ертіс өзеніне батып кеткен ер адамның денесі төрт күннен соң табылды.