Павлодарда сотталған нашақордың ісі бойынша лауазымды тұлғалар жазаланбақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар қаласының № 2 соты қаруды заңсыз алып жүргені және есірткі затын сақтағаны үшін сотталған азаматты ақтап, қамаудан босатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот Виталий Мозжухинді суық қаруды заңсыз алып жүргені және аса ірі мөлшерде есірткі затын сату мақсатынсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын. Сондай-ақ, одан 693 074 теңге көлеміндегі өтемақы (сараптама өткізуге байланысты процестік шығындар) өндіріліп алынды. Бас бостандығынан айыру орнында нашақорлықтан мәжбүрлі түрде емдеу шарасы да тағайындалған еді.
Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық шағымы бойынша істі қайта қарап, айыптау үкімнің күшін жойды. Солайша, ол толығымен ақталып, қамаудан босатылды. Апелляциялық саты тергеу судьясының санкциясынсыз сотталушыға жеке тінту жүргізілгені, суық қаруды сақтағаны туралы кінә тағылғаны, соның салдарынан оның қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылғаны секілді өрескел бұзушылықтарды анықтады.
Сот облыстағы ішкі істер департаменті мен прокуратураның атына В.Мозжухинді қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеліп соқтырған осы іс бойынша жекеше қаулылар шығарып, кінәлі лауазымды тұлғаларға тиісті шаралар қабылдауды талап етті.