Павлодарда суға батып кеткен жаттықтырушының денесі табылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – «Vita» іздеу жасағы еріктілерінің мәліметінше, суға батып кеткен Роман Богдановтың денесі Ертіс өзеніндегі Ақсуға шығатын көпірдің астынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«10 қыркүйек күні сағат 16:30-да балық аулап жүрген адам мәйіттің су бетінде қалқып жүргенін кездейсоқ байқап қалған», - дейді іздеу жасағы.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, көз жұмған жаттықтырушының денесі сағат 16:53-те судан шығарылған.
Еске салайық, 27 жастағы павлодарлық балық аулау кезінде жағадан аяғы тайып, өзенге құлап кеткен. Қасында достары болған, алайда, жігіт жүзе алмайды екен.
Құтқарушылардың айтуынша, Роман құлаған жердің тереңдігі – 12 метр. Павлодарлық жігітті құтқарушылар, полицейлер, еріктілер, оның достары мен туыстары 6 күн бойы іздестірген.