Павлодарда су тасқынынан зардап шеккендердің бәрі өтемақы алды

кәсіпкерлік нысан
Фото: Өңірлік кәсіпкерлер палатасы

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысында су тасқынынан келген залал бойынша барлық өтінім қанағаттандырылған. Бұл туралы өңір әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев айтып берді.

«10 сәуір сағат 16:00–дегі жағдай бойынша аймақта су басқан үй жоқ. 2-6 сәуір күндері ТЖ режимі жарияланған Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында үйлерді жыл сайын су басу проблемасын шешу үшін өңірлік жедел штаб сыйымдылығы 200 мың текше метр су болатын 3 жаңа қазаншұңқыр орнату туралы шешім қабылдады. Бұл болашақта ауылды су басу қаупі бар проблеманы кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді. Тәулік бойы 12 ауыр техникамен қазаншұңқырларды орнату жұмыстары жүргізілуде», — деді Д. Ибраев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды, жағдай тұрақтандырылды. 

«Бүгінгі таңда 107 отбасы бюджеттен тыс демеушілік қаражаттан 96,7 млн теңге өтемақы алды. Оның ішінде, кеше ғана су тасқыны кезінде үйлері қатты зардап шеккен Жалаулы ауылының 9 тұрғыны бар. Сондай-ақ, Жалаулы ауылында комиссия шешімімен қалпына келтіруге жатпайтын апатты үйлердің орнына салынатын 5 жаңа үйдің құрылысы басталды. Шығынды ERG тобы өз мойнына алды. Үй құрылысын 3 айда аяқтау жоспарланып отыр», - деді спикер.

Бұдан басқа, осы аптада зардап шеккендерге 100 АЕК мөлшерінде біржолғы мемлекеттік әлеуметтік төлем төленеді. 

«Осылайша, облыс тұрғындарына су тасқынынан келтірілген залал келіп түскен өтінімдер бойынша толық көлемде өтелді. Бұл ретте өтінімдерді қабылдау сәуір айының соңына дейін жалғасады, ешкім де назардан тыс қалмайды», - деді Д. Ибраев.

Соңғы жаңалықтар