10:16, 22 Сәуір 2013 | GMT +5
Павлодарда «Талантты ұстаз - дарынды балаларға» олимпиадасының облыстық кезеңі мәреге жетті
ПАВЛОДАР. 22 сәуір. ҚазАқпарат - Павлодарда өткен аптада «Талантты ұстаз - дарынды балаларға» республикалық педагогикалық олимпиаданың облыстық кезеңі мәреге жетті.
Білім бәсекесінде аймақтағы 33 мектептің гуманитарлық және психологиялық-педагогика, физика мен математика пәндерінің 46 оқытушысы бақ сынады. Ал қазылар алқасының құрамына жергілікті жоғары оқу орындарының ғалымдары енген.
Нәтижесінде Дарынды балаларға арналған мектеп-лицейдің ұстазы Нұрболат Теміров, қыздарға арналған қазақ-түрік лицейінің оқытушысы Фарида Байымбетова және №2 Майқайың мектебінің мұғалімі Роза Далдыбаева жеңімпаз атанды.
Жарыстың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша 15 ұстаз білім беру басқармасының дипломдарымен марапатталды.
Алматы қаласында мамыр айында өтетін «Талантты ұстаз - дарынды балаларға» педагогикалық олимпиадасының республикалық кезеңіне І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдардың иегерлері қатысады.