Павлодарда тәркіленген 227 тонна спирт қолды болды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының прокуратурасы уәкілетті органның мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеу туралы сот қаулысын ұзақ уақыт орындамағанын анықтады, деп хабарлады қадағалау органының баспасөз хатшысы Айымгүл Ермулатова.

Павлодарда тәркіленген 227 тонна спирт қолды болды

Прокуратура деректеріне сәйкес 2009, 2012 және 2015 жылдары әкімшілік сот салық заңнамасын бұзғаны үшін «Innova» ЖШС,  «ҚазАлкоПром» ұлттық алкоголь компаниясы» ЖШС  және «ЖелДорТехСнаб» ЖШС-да 463 590 литр  акцизделетін спирттік өнімін  мемлекет кірісіне тәркілеу туралы қаулы шығарған.

Спирт зауыты аумағының сақтау орнын тексеру кезінде өнімнің ішінара жоғалғаны анықталды, ол 226 960 литр спирт және су-спирттік өнімдер. Жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша түрлі ыдыстағы қалған спирттің күштілігі 59-86 пайыз болған, тәркілеу кезіндегі ілеспе құжаттарда ол 96 пайыз деп көрсетілген.

Осыған байланысты өнім мемлекеттік мүддеге, яғни медициналық-әлеуметтік мекемеде, қорғаныс өнеркәсібінде   пайдалануға жарамыз болып қалды.

Сприттің күштілігінің төмендеу фактісі бойынша прокуратура ҚР ҚК 425-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады.