Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Павлодарда тауар құнын жасырған 25 кәсіпкер жазаланды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Тауарда баға көрсеткішінің болмауы — тұтынушылар сауда жасау кезінде жиі тап болатын келеңсіз жағдайлардың бірі. Мұндай жағдайда сатып алушы сатушыға жүгінуге мәжбүр болады. 

Павлодарда тауар құнын жасырған 25 кәсіпкер жазаланды
Фото: freepik

Павлодар облысында жыл басынан 25 кәсіпкерлік субъектісі баға көрсеткіштерінің болмауы және тауарлардың құнын көрсету талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

— Соңғы жағдайлардың бірі Павлодар қаласында болды. Тұтынушы жергілікті ірі супермаркеттердің бірінде бірнеше тауарға баға көрсеткіштері қойылмағанына наразылық танытты. Тұрғынның өтініші бойынша департамент жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзушылықты тіркеді. Әрі аталған құқық бұзушылық бұрын салынған әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанғаны анықталды, — деп хабарлады Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен.

Аталған супермаркет Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 193-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалаған.

Департамент мамандары аталған Кодекстің 193-бабы 4-бөлігіне сәйкес тауарға баға қойылмаса немесе баға көрсеткішінде көрсетілгеннен жоғары бағамен сатылса, кәсіпкерлік субъектілері айыппұл төлейтінін ескертеді. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 6 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 10 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 30 АЕК. Құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанған жағдайда, Кодекстің 193-бабы 5-бөлігіне сәйкес айыппұл мөлшері тиісінше 65, 120 және 200 АЕК.

Еске сала кетейік, елімізде тұтынушыларға 1,5 млрд теңге қайтарылды