Павлодарда Тәуелсіздік күнімен құттықтау байқауының жеңімпаздары анықталды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Тұғырлы Тәуелсіздік» атты онлайн бейне құттықтау байқауы өтті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Павлодарда Тәуелсіздік күнімен құттықтау байқауының жеңімпаздары анықталды

Шара 16 қараша мен 13 желтоқсан аралығында JEBE қоғамдық бірлестігі Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Оның аясында, облыс тұрғындары, түрлі кәсіпорындар, мекемелер, білім ордалары арасында Тәуелсіздік күніне орай Үздік бейне құттықтау түсіруі тиіс болды.
Кез келген тұрғын, отбасы, ұжым өздерінің Тәуелсіздік тойына қатысты ерекше құттықтауларын видеоға түсіріп, #JEBETAUELSIZDIK арнайы хэштегімен өз әлеуметтік желілерінде жариялауы тиіс болды. Құттықтаулар ән, күй, би, өлең сияқты түрлі форматта қабылданды. Ең креативті, үздік деп танылғандары марапатқа ие болды.
Байқауға Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы зор қолдау көрсетті. «Байқау жарияланған күннен бастап алғашқы видеолар түсе бастады. Тұрғындардың белсенділігі өте жоғары болды. Байқауға барлығы 270-тен астам видео құттықтау келіп түсті. Өкінішке қарай, 30-дан астам видео талапқа сай болмағандықтан кері қайтарылды. Көпшілігі белгіленген уақыттан асып кетіп жатты, тақырыпқа сай болмады», - дейді JEBE ҚБ төрағасы Данияр Жұмәділ.

Бірлестік төрағасының айтуынша, байқауға Павлодар облысының барлық қаласынан, ауданынан, шалғай ауылдардан қатысты. Бұдан бөлек, Алматы, Нұр-Сұлтан, Тараз, Түркістан қалаларынан байқауға арнайы түсірілген құттықтаулар келді. Яғни, байқау республикалық деңгейге көтерілді. «Қазылар алқасы үшін шешім шығару оңай болған жоқ. Бірнеше сағат отырып, әр видеоны мұқият қарады. Өкінішке қарай, белгіленген уақытынан, яғни 1 минуттан әлдеқайда асып кеткен видеолар бірден ысырылып отырды. Ол – талап. Үздіктерін таңдадық», - деді Данияр Жұмәділ.

Қорытынды бойынша «Үздік отбасылық құттықтау» аталымында орын 1-орынды Ақерке Қазкенова жеңіп алды. 2-орынды Дүйсенбай ӘлКәусар және Мұхышевтар отбасы еншілді. 3-орын Головчуктер отбасы, Қоңқай отбасы, Айзере Асқароваға бұйырды.