Павлодарда тазалықшы жарты миллион теңге жалақысын сот арқылы өндіріп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ЖШС-да жұмыс істеген тазалықшының еңбек дауы мәмілегерлікпен реттелді, деп хабарлады Павлодар қалалық сотының баспасөз қызметінен.

Павлодарда тазалықшы жарты миллион теңге жалақысын сот арқылы өндіріп алды

«Павлодар қалалық сотында С. есімді азаматшаның ЖШС-дан еңбекақыны өндіріп алу туралы азаматтық ісі қаралды. С. ЖШС-да тазалықшы болып жұмыс істеген. 2016 жылдың ақпан айында жұмысшының бастамасымен еңбек келісімшарты бұзылған. Жұмысшыны жұмыстан босату барысында оған 513 437 теңге мөлшерінде еңбекақы төленбеген. С. серіктестіктен жалақы бойынша аталған қарызды өндіріп беру туралы сотқа арызданған», - деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.

Істі қарау барысында тараптар судьяның қатысуымен өткізілген дауды медиация тәртібінде реттеу туралы келісімге келді. Келісім шартына сәйкес, айыпталушы ЖШС-ға 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін арызданушы С.-ның 513 437 теңге мөлшеріндегі еңбек ақысын толық төлеу міндеттелді, ал жапа шегуші өзінің арызындағы талаптардың бір бөлігінен бас тартты.

Павлодар қалалық сотының 17 наурыздағы ұйғарымымен арызданушы С. мен ЖШС арасында жасалған медиация тәртібінде дауды реттеу туралы келісім бекітілді. Аталған еңбек дауы бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Ұйғарым заңды күшіне енді.