Павлодарда траншеяда жұмыс істеп жатқан екі адамды топырақ басып қалды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда шұңқырда жұмыс істеп жатқан екі адамды топырақ басып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 28 сәуір 14.06 шамасында павлодарлық «112» пультіне шұғыл хабар түскен.
Онда Кисловодская, 77 мекенжайында екі жұмысшының зардап шеккені көрсетілген.
Оқиға орнына 7 құтқарушы мен апаттар медицинасы орталығының бригадасы шықты.
Келген бойда су құбырына ор қазып жатқан екі ер адамды топырақ басып қалғаны анықталды.

Құтқарушылар жергілікті тұрғындармен бірлесіп 1970 және 1976 жылы туған екі ер адамды жердің астынан қазып алып, сыртқа шығарды.
Оларға апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті және «103» қызметіне тапсырды.